БИОПОЛИМЕРЛЕР ЖӘНЕ ТАБИҒИ ӨСІМДІК ТЕКТІ ЭКСТРАКТ НЕГІЗІНДЕГІ АНТИМИКРОБТЫҚ ТЕКСТИЛЬ МАТЕРИАЛДАРЫН ЖАСАУ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ
DOI:
https://doi.org/10.55956/YXAX1935Тірек сөздер:
антибактериялық материалдар, биоцидтік өңдеу, гиалурон қышқылы, декспантенол, жусан сығындысы, ИҚ-спектроскопия, микробиологиялық сынақтар, микрофлораға төзімділік, табиғи биоцидтер, тоқыма, хитозан, электрондық микроскопияАңдатпа
Бұл жұмыста табиғи антимикробтық құраммен модификацияланған ттекстиль материалының қасиеттері зерттелді. Материалға биоцидтік қасиет беру үшін келесі композициялар қолданылды: 1-құрам – жусан сығындысы, хитозан және глицерин; 2-құрам – лавр жапырағының сығындысы, гиалурон қышқылы және декспантенол. Материалдардың микрофлора әсеріне төзімділігі ГОСТ 9.060–75 стандартына сәйкес бағаланды, ал биоцидтік белсенділік ГОСТ 9.048–89 стандарты бойынша анықталды. Зерттеу нәтижелері өңделмеген үлгілердің көгеріп, құрылымдық бұзылуға ұшырайтынын, ал композициялармен өңделген материалдардың өз құрылымын сақтайтынын көрсетті. Ең жоғары биоцидтік төзімділік жусан сығындысы мен хитозан негізіндегі құраммен өңделген материалда анықталды, бұл жағдайда Staphylococcus тектес бактериялардың өсуі толықтай тежелгені байқалды. Сканерлеуші электрондық микроскопия әдісімен жүргізілген морфологиялық зерттеулер биоцидтік бөлшектердің талшық бетінде біркелкі таралғанын көрсетті. ИҚ-спектроскопия деректері бойынша талшықтың химиялық құрамының өзгеруі анықталып, қолданылған құрам компоненттеріне тән функционалдық топтарға сәйкес жолақтардың пайда болғаны байқалды. Токсикологиялық сынақтар табиғи биоцидтік компоненттермен өңделген материалдардың адам терісі үшін қауіпсіз екенін растады. Алынған нәтижелер өсімдік сығындылары мен биополимерлер негізінде медициналық және санитарлық-гигиеналық мақсатта қолдануға арналған антимикробтық материалдарды әзірлеудің перспективалы екенін көрсетеді.

